Киіз үй

Сурет Білімділер порталынан алынды

Киіз үй – көптеген көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Арғы Сақ, Ғұн заманынан бері қазақ халқы да киіз үйді сан мыңдаған жылдар бойы өзінің төл баспанасы етіп келді. Мыңдаған жылдар бойы жинақталған тәжірибе негізінде қалыптасқан киіз үйдің құрылысы бірнеше бөліктерден тұрады.

Киіз үй – қазақтың өз өміріндегі ұстанар салты мен дәстүрінің де таңбасы, белгісі. Оның дүниетанымының, санғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Өйткені қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты. Киіз үй, ең алдымен, оның иесінің байлығын, тұрмыс жайын білдіреді. Оның екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. Ал киіз үйдің керегесінің басы 70-тен 360-қа дейін барады. Ауқатты қазақтардың киіз үйлері, әлгіде айтқандай, үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендіріледі. Оларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Одан басқа киіз үйлердің алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа т.б. атаулары бар. Киіз үйлер өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты да үш түрге: 1) жаздыгүні тұруға арналған, 2) мереке-жиын кезінде қонақ күтіп алатын және 3) жорық кезінде тігілетін киіз үй болып бөлінеді. Жолаушылар мен жорықшылардың тігетін үйлерін абылайша, ақ қос, қос, қаңқа, (арбаның үстіне тідгілетін үй), жарық үй деп атаған. Сондай-ақ құрым киізден, қамыстан, шиден киіз үй тектес үйшіктер мен күркелер салынатын болған. Бұлар, көбіне, қақыранемесе қалқа деп аталған да, жаугершілікте, майдан шебінде далада, жауын-шашыннан қорғану үшін тігілетін болған.

Киіз үйдің негізгі қаңқасы – кереге, уық, сықырлауық, шаңырақ – киіз үйдің сүйегі деп аталады. Олар бір-бірімен бау-басқұрлармен біріктіріліп таңылады. Оның сыртынан ши тұтылады да, киіз әбзелдер (туырлық, үзік, түндік, киіз есік) жабылады. Бұлардың әрқайсысының өз орны бар: туырлық керегеден уықтың ортасына дейін, үзік кереге басынан шаңыраққа дейін, түндік шаңырақты, ал киіз есік сықырлауықты жауып тұрады. Бау-басқұрлар  киіз үйдің сүйегін ұстастырып қана қоймай, сыртқы киіздерін де бастырып тұру мақсатында қолданылады.

Киіз үйдің сыртқы әбзелдері күн сәулесі мен тамшы өткізбеген, жылу сақтаған.

Оларды жасау қазақтың киіз басу, өрнек жасау өнерін тереңдете түскен. Бұл әбзелдерді ақ тоқтының жүнінен басылып, пісірілген шаңқан ақ киізден пішкен, тіпті кейде киіздің түсін ағарта түсу үшін бор да қосатын болған. Оюлап пішілген ақ киізді өрнекті жіппен жиектеген немесе мақпал мен шұғадан ою бастырған. Ал киіз үйдің бау-басқұрлары әшекей өрнекпен көмкеріліп, түрлі-түсті жіппен тоқылатын болған.

Соңғы ғасырдың аяқ шенінде қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алуына орай,  ұлт мәдениетінің де жанданғанын жақсы білесіздер. Қазақтың қасиетті киіз үйі де ұлт мәдениетінің бір көрінісі ретінде  қайта дәріптелді. Жер-жерде ата-бабаларымызға арналып беріліп жатқан астар мен өткізіліп жатқан ұлан-асыр тойлардың сәні қазақтың сән-салтанаты мен ұлттық дәулетін көрсететін осы киіз үйлер болуда. Әсіресе алғаш рет 1991 жылы Абылай ханның асында тігілген Торғай ордасы деп аталған киіз үйдің даңқы айрықша болды.  Кейіннен оның көлемі 12 қанаттан 18 қанатқа дейін ұлғайтылып, Есет батырдың, Шақшақ Жәнібек батырдың, ұлы Абайдың тойларында  қайта тігілді. Бұл киіз үйдің биіктігі 8 м, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Осындай сән-салтанатты қазақтың киіз үйлері – ұлтымыздың мақтанышы.

Киіз үйдің түрлері мен құрылысы

Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар.

Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді.

Қазақы үйлер пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:

  1. Төр. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл – киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Жас келіндер бұл жерде отырмайды.
  2. Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.
  3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.
  4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.

Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:

  1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).
  2. Киіздері (ши де осыған кіреді)
  3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары).

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды.

Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып, өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Әсіресе Керей, Әз Жәнібек, Тәуке хан, хан Абылай, Кенесары, ұлы Абай, ғұламалар Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезовтердің кіндігі осы киіз үй ішінде кесілген. Әрқашан қоныс аударғанда таза жерге тігілген үйдің саф ауасы аспан, жер, сумен астасып, қасиетті қара шаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкірегіне нұрлы сәулесін құйған болар.

Қазақ өмірі мен мәдениетінің, әлеуметтік жайының бір түйіні киіз үй мен төрт түлікке байланысып жатады. Сәлемі, киімі, ыдысы, салт-дәстүрі де осыған келіп саяды. Сондықтан да олар бұған лайық қанатты сөздер, ырымдар, әдеттер, тыйымдар, аңыздар да шығарған.

Киіз үй берік ағаштан (қайыңнан, талдан) жасалады. Оларға құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді. Талдың керегеге қажетті жуан, жіңішкесін таңдап алуға да болады.

Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу» дейді. Қажетті ағаштар 6 ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде үйшілер бұл ағаштарды қажетінше жонып, морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып, тезге  салып түзетіп алады. Олар үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып, қырнап болғаннан кейін, оны тағы морға салып, кереге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып, белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді де, оны құрастыра бастайды.

Кереге киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге  байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады.

Кереге көзінің үлкен-кішісіне қарап торкөз, жел көз деп бөледі. Торкөзді кереге әдемі әрі берік болады.

Киіз үйде есік екеу болады: ішкі есік – сықылауық-ағаштан жасалады, екіншісі – киіз есік – киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін, оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады.

 

Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралып, керегеге бекітіледі. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады. Кереге бастары арқылы тартылатын бас арқан маңдйшаның екі жағына мықтап байланады. Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Сәндік үшін бас арқан тұсынан және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр жүргізіледі.

Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің  күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық алақандағы уық бау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төртбұрышты қырланып, ойылады. Мұндай уық берік болады, әрі ауып, қисайып кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай 60-160-тай уық болады.

Шаңырақ – киіз үйдің қасиетті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді.

Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес өң береді, әрі оған су сіңбейді.